Нұржан Наушабаев (1859-1919)
Ғасыр басындағы
талантты өкілдерінің бірі Н.Наушабаевтың туып өскен
жері бұрынғы Қостанай уезінің Арқарағай
болысы (Қостанай обл.). Ақынның саналы ғұмыры
Қостанай, Торғай жерінде өтеді. Әл-ауқатты,
беделді кісінің баласы жас кезінен ескіше оқып, араб, парсы
тілдерін үйренеді. Шығыс және ауыз әдебиеті
үлгілерімен жақсы таныс болады. "Ғалімлік дариясынан
іштім қанып"-дейді. Сондай-ақ Нұржан бала
жасынан-ақ өлең шығарады.
Өлеңді бала жастан еттім
қалып,
Фарсы, ғарап
лұғатпен келтірер ем, - деп еске алады. Бірақ ол
әуелде, жас шағында өлеңге, ақындыққа
көңіл қоймайды. Торғай өлкесінде әншілік,
серілік құрып, ақындығымен, балуандығымен аты
шығады. Ы.Алтынсариннің ағартушылық идеясын
жақтап, жастарды өнер-білімге, оқуға шақырады.
Өзінің де Сарыарқаны аралап сал-серілік жасауы
ой-өрісін кеңейтіп, талғамын арттырады. Ол тек отыз жасынан
бастап қана өлең жазумен айналысып, ақындық жолына
түседі. Өзіне-өзі:
Ал, Нұржан
қаламыңды қолыңа ұста,
Бұрынғы
өткендердің бәрін таста...
Әуре болып біраз уақыт
жүрдің жаста...
деп, салмақты, тиянақты еңбекпен айналысуға
көшеді.
Нұржан ақынның
өлеңдері Қазан баспасынан үш жинақ болып
жарық көрді. Олар: "Манзумат қазақия" (1903),
"Нұржан мен Сапарғалидың жұмбақ айтысы"
(1903), "Алаш" (1910) деп аталады. Өлеңдері негізінен
дидактикалық жанрда: толғау, терме, мысал, назым, ғақлия,
тақпақ, мақал болып, біршамасы айтыс өлең, мысал,
жұмбақ болып келеді.
Нұржанның бір
өзгешелігі - ол өлеңдерінің көбін араб, парсы,
шағатай ақындарының үлгі, стилінде жазады, діни
сөздерді араб-парсы, ескі кітаби сөздерді мейлінше көп
қолданады. Шығыстық сарында жазылған шығармалары,
өлең жырлары, діни философиялық ойлармен суырылып,
бөлекше бір тұтас болмысты дүниеге айналуы.
Негізгі тақырыбы:
оқуға, білімге үндеу, адамгершілік, абзал қасиеттерді
насихаттау, халықты алдап-арбаған қожа-молдаларды сынау,
би-болыстардың екіжүзділігін, пайда күнемділігін әшкерелейді.
Келісті өсиеттер, мақал-мәтел, нақыл сөздерден
тұратын шығармалары ойлы, мағыналы болып келеді.
Әбубәкір сияқты
Нұржан да кейбір өлеңдерінде заман бұзылды,
қазақтың бұрынғы дәурені
құрыды, ауыр заман таянды деген ой-пікір айтады. Ондай пікір айтуа
себеп болған нәрселер орыс отаршылдарының тепкісінің
қатты болуы, өз халқының ұйқылы-ояу халде
қоғам дамуына ілесе алмайтын ахуалдары еді. Мысалы:
Дүние болып кетті
тарылғандай,
Бұрынғы бастан дәурен арылғандай.
( "Алаш" 5-бет )
Үлкенге сәлем, ағайыннан
амандық жоқ,
Ерекше
жүрілуден тарылды өріс.
Ел іші
өсек, ғайбат қаптап жүрген.
Орыны
жоқ жауыздықтан тоқтап жүрген.
( "Манзұмат" )
Адамның
жақсысы кетіп, жаманы қалды,
Жылқы
жүйрігі кетіп, шабаны қалды,
Бидайдан
дәні кеті сабағы қалды,- («Алаш». 6-бет)
деп зарлы жырлар айтты, оған себеп те жеткілікті болатын.
Осы ретте Нұржан Наушабаев
надан, пысық, сұм-сұрқия, еріншек-жалқау
адамдарды, тұрақсыз, жалған достарды қатты сынайды.
Оның бұл жөніндегі ойы ұлы Абайдың ойымен
үндесіп жатады.
Ақынның біршама
шығармалары дін жайында: ислам дінінің мән-жайы,
парыз-қарызы, заң-шариғаты, діндар адамдардың
мінез-құлығы, жақсылық, жамандық жайында
айтады, қысқасы дінді түсіндіреді. Бірақ бір ерекшелігі
діни фанатизм түрінде түсіндірмей, діни ізгілік, жалпы
адамгершілік, ағартушылық тұрғысынан тереңдете
түсіндіреді.
Ақын орыс әдебиеті
үлгілерінен де жақсы хабардар болған. И.А.Крылов мысалдарына
еліктеп бірқатар мысал өлеңдер жазған. Атап
айтқанда: "Түлкі мен әтеш", "Өгіз бен
есек". Реалистік мазмұндағы бұл екі шығарма да
адам мінезінің азғындауын әшкерелейді.
Ол өлең жазумен бірге
айтысқа түсіп те аты шыққан адам. Бізге оның
Бәтима қыз бен татар ақыны Сапағалимен
жұмбақ айтысы жеткен. Ол осы айтыста Сапарғалидың 25 жұмбағына
тапқырлықпен жауап беріп, өзінің білімдар жан екендігін
дәлелдейді. "Қырық тілек" дейтін 13
жұмбақтан тұратын ғақлия өлеңінде
ізгілікті, адамгершілікті насихаттап, адалдыққа,
тазалыққа, Отанға қызмет етуге шақырады.
Нұржан ақын
өлеңдері қазақпен бірге өз кезінде татар,
башқұрт секілді түбі бір түрік жұрағатына
да кеңінен тараған еді. Ескі әдебиеттің есте
сақтағыш тұлғасының бірі Сәйфи
Құдаштың С.Мұқановқа
Башқұртстаннан арнайы хат жазып ақын өлеңдерінің
жай-күйі, зерттеуі жөнінде кеңескені де бар болатын.
Қорыта айтқанда,
белгілі ақын шығармаларында адамзат баласын білімділікке,
іс-әрекетте таза, адал болуға, артында іс, үлгі мұра
қалдыруға шақырады.
Өзі де осы үлгіні адал орындап, артында
бірсыпыра құнды мұра қалдырған дарынды
ағартушы ақын, қайраткер болды.